Талдықорған Мектеп порталы
kk-KZru-RUen-US
Мектеп тарихы


Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2010 жылдың 1 қыркүйегінде ашылды.
Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа білім беру бағдарламалары модельдерін енгізу және жүзеге асыруға байланысты әзірлемелер дайындау, мониторинг, зерттеу, талдау, сынақтан өткізу алаңы болып табылады.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2015 жылдан бастап Халықаралық Мектептер Кеңесінің (ХМК) мүшелілігіне енді.
Мектептің миссиясы: Өмір бойы оқуға дайын, өнегелі, зияткер және табысты тұлғалардың дамуына ықпал ету.
Пайымдау:
- Мәдениетаралық қарым-қатынасқа, өзгерістерге, көшбасшылыққа даяр бақытты оқушы.
- Үздіксіз кәсіби жетілуге ұмтылған позитивті қызметкерлер.
- Әлем, мемлекет, отбасы алдында жауапкершілікке ие мектеп қоғамдастығы.

БАЛАБАҚША

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2010 жылдың желтоқсан айында ашылған балабақшасы 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардан құралған 5 топпен жұмыс істейді.
2010-2012 оқу жылдарында балабақшаның педагогикалық қызметі «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» білім беру бағдарламасымен және мектепке дейінгі білім берудің оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асты, ал 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептерінде балаларды тілдік ортаға енгізу және мектепке дейінгі тәрбие беру бағдарламасы негізінде оқыту» бойынша жұмыстар жүргізілуде. Балабақша бағдарламасының мазмұны тәрбиеге, баланың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, танымдық (ойлау, қиялдау, есте сақтау, сөйлеу), эмоциялық бағытта, дүниетанымдық, шығармашылық, тәжірибесінің қалыптасуына, әрекеттерінің біртұтас дамуына бағытталған.





БАСТАУЫШ МЕКТЕП

Бастауыш сыныптың педагогикалық құрамы оқушылардың кең көлемді спектор дағдыларының дамуы және қорытындысының құрылымы бойынша білім берудің жаңа моделі негізінде құрылған. Бастауыш мектептің контингенті 1-сыныпқа оқуға іріктеу конкурсынан өткен балалар мен балабақша тәрбиеленушілерінен құрылады. Бастауыш мектепте 12 сынып-комплектісі бар, оның ішінде 7 қазақ тілді, 4 орыс тілді сыныптар оқиды. 2012 жылдан бастап 1-2 сыныптардағы оқыту үрдісі Кембриджбен бірлесе отырып құрған біріктірілген оқу бағдарламасы негізінде жүзеге асады. Екі жылдан бері тілдік ортаға ену әдісінің негізінде аталған бағдарламаның апробациясы жүргізіліп жатыр. Тілдік ортаға ену бағдарламасы бойынша оқитын сыныптарда оқу мемлекеттік тілде жүргізіледі. 3-5 сыныптарда оқу үрдісі 2010 жылғы Білім беру бағдарламасының негізінде жүргізіледі. Оқушы жетістігін бағалау үшін жаңа жүйе енгізілген. Төменгі сынып оқушылары жан-жа0ты дамуына мүмкіндігі бар: би өнерімен шұғылданады, хорда ән айтады, қазақ және ағылшын тілінде сахналық көрініс көрсетуге қатысады, ұлттық аспаптармен оркестрде ойнайды, үлкен теннис, джиу-джитсу, футбол спорттық секцияларына қатысады.





ОРТА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ МЕКТЕП

Жыл сайын Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің, ұлт көшбасшысының, «Өркен» білім грантын жеңіп алуға іріктеу конкурсы өткізіледі.
6-сыныптан кейін іріктеу конкурсынан өткен оқушылар мектептің контингентін құрап отыр. Іріктеу конкурсына арналған пәндік тест жұмыстары Cito (Нидерланд) Педагогикалық өлшемдер Институтымен, ал қабілеттілікті анықтайтын тест жұмыстары Джонс Хопкинс СTY (АҚШ) дарынды жастар орталығымен бірлесе отырып дайындалды. Қабылдау емтиханынан өткен, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының барлық оқушылары біздің мектебімізде оқуға мүмкіндіктері бар. 5-6 сыныптарға қабылданбас бұрын, оқушылар виртуалды және демалыс кезінде мектепке келіп, математика, қазақ тілі, ағылшын тілі мен орыс тілі пәндері бойынша қабылдау емтихан тапсырмаларының үлгісімен танысуға мүмкіндіктері бар. Бос орын болған кезде оқушыларды жоғары сыныптарға қосымша қабылдайды. Орта мектепте 14 сынып-комплект, жоғарғы – 9, оның ішінде 12 қазақ тілінде оқиды.
7-12 сыныптарда кіріктірілген білім беру бағдарламасы (КБББ), ал 6-шы сыныптарда критериалды бағалау жүйесі жүзеге асады.



Жоғары сыныптарда сабақтар тим-тичинг жүйесі бойынша шетел мұғалімдерімен бірлесе отырып ағылшын тілінде өткізіледі. Жаңа пәндер енгізілді, мәселен: ағылшын тілінде өтетін жаһандық перспективалар және зерттеу жұмыстары, мемлекеттік тілде өтетін Жаңа әлемдегі Қазақстан пәндері. Оқушылар ең алдымен мемлекеттік тілді, яғни, қазақ тілін толық білуі тиіс, содан кейін халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тiлдерiн меңгеру нәтижесінде үш тұғырлы тіл саясаты жүзеге асты.
Оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытып шыңдау және ғылым жолына бағыт-бағдар беріп, олардың жобалық зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Білім ошағында роботехника, нанотехнология, биотехнология, техникалық модельдеу кабинеттері бар.
Балалар сабақтан кейін хор және театрланған студияға, би үйірмесі, спорт секциялары – футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, үлкен теннис, шахмат, джиу-джитсу сынды үйірмелер мен секцияларға қатысады. Мектебіміздің тағы бір ерекшелігі оқушылардың жүзу сабақтарына қатысуға мүмкіндіктері бар, өйткені, жүзу сабақ кестесіне енгізілген.
Математикалық бағыттағы бағдарлама мазмұнында мектептегі және ЖОО білімнің барлық сатылары арасындағы сабақтастық сақталған, тақырыптар білімның бөлімдері бойынша ұйымдасқан, бөлімдер бөліктерге бөлінген, олардың әрқайсысы пәндік компетенцияларының белгілі бір деңгейінен тұрады. Бағалау критерийлері бар бөліктер, мұғалімнің жоспарлауы мен бағалауына мүмкіндік береді және оқытудың мақсаттарын қалыптастырады.
Оқушының жеке дамуын қамтамасыз ететін, техникалық бағыттағы пәндер бағдарламасы мақсатқа, мазмұнға, білімнің барлық салаларының құралдары мен әдістері бойынша логикалық байланысқан жүйесі. Пәндердің тәжірибелік бағыттылығы оқушыларға ғылым мен техника жетістіктерінің қарқынды өзгеруі мен үйреніп жатқан теория арасындағы қол үзушілікті жоюға мүмкіндік береді.



Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бағдарламасын оқытуда ақпаратты спиралды түрде меңгерту жүзеге асырылады. Бағдарламаның мақсаты оқушыларға халықтың мәдениеті мен дәстүрлерін, экономикасы мен өмір салтын оқыту, бұл оқушыларды өзге ұлт өкілдеріне сыйластықпен қарауға тәрбиелейді және адамгершілік қаситетердің әмбебаптылығын қалыптастырады. Барлық бағдарламалардың негізіне білімді сыныптан тыс пайдалану мен қолдануды қамтамасыз ететін және пәнді тереңінен түсінуге негізделген оқыту амалдары енгізілген.
Назарбаев Университетіне және халықаралық жоғары оқу орындарына түсу үшін мектебіміздің түлектері қорытынды аттестациядан ойдағыдай өтеді, сертификат алады, ағылшын тілі мен шетел тілдерін (IELTS) толық меңгерген және (SET) пәндерін жетік біледі.
Мектеп 2012, 2013, 2014, 2015 жылдар ішінде 317 түлек ұшырды, оның 100% Қазақстан Республикасы мен шетелдің айтулы жоғары оқу орындарына түсті. 54 түлек Назарбаев Университетінің студенті атанды.
Мектебіміздің түлектері Франция, Қытай, Германия елдерінде оқи алатындығына байланысты, бүгінгі таңда ДББҰ әлемнің үздік ЖОО меморандумға қол қойды. Сол себепті, 2015 жылдың қыркүйегінен бастап оқу жоспарына француз, неміс, қытай тілдері бойынша сабақтар енгізілді.
Мектепте жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиадалық шараларға көп назар аударылады. Мектебіміздің олимпиядашылары жыл сайын республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орын алады. Мектебіміз үш жыл қатарынан «Қазақстан Республикасының үздік олимпиадалық мектебі» атағын иеленіп келеді.
Робототехникадан Халықаралық олимпиадада (Сочи қаласы, 2014 жыл) Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-9 сынып оқушылары Сартбаев Ратмир мен Талғат Бек ғарыш станцияларына арналған жобалық жұмыстары үшін командалық үшінші жүлделі орынды иеленді.
Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу тәрбиелік үрдісі мектептің негізгі миссиясының орындалуына, яғни көшбасшылық құзыреттілігі қалыптасқан, адами қасиеті жоғары, зиялы тұлға тәрбиелеуге ықпал етуге бағытталған.



МЕКТЕПТІҢ ТІЛ САЯСАТЫ

Мектептің тіл саясаты оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады. Тіл саясатының артықшылығы:
- мемлекеттік тілге ену;
- тіл мәдениетін жандандыру;
- тілдік алуантүрлілікті қолдау;
- іскерлік және мәдениетаралық қатынас құралы ретінде шетел тілдерін білу.
Біз Innove (Эстония) қолдауы арқылы тілдік ортаға ену орталығымен өзара қарым-қатынаста болдық. Мұғалімдер және балабақша тәрбиешілері үш жыл қатарынан іс-тәжірибе алмасу мақсатында Эстонияда өтетін семинарларға қатысып жүр. 2013-2014 оқу жылында мектебіміздің 14 қызметкері жаттықтырушылардың тілдік ортаға ену курсынан өтті. Мектебімізге 2014 жылдың 24-қыркүйегінде Эстониядан делегация мүшелері келді, олардың арасында Эстонияның Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен балабақша, мектеп директорлары бар. Олар біздің балабақша мен бастауыш мектептегі тілдік ортаға ену бағдарламасы бойынша оқытатын мұғалімдердің сабақтарына қатысты.
Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді командалық оқыту арқылы оқушылардың екі тілде білім алуларына, ал мұғалімдерге ағылшын тілін меңгеріп алуға тікелей мүмкіндік туды. Сонымен қатар, мектеп кәріс тілі орталығымен серіктестік қатынасты қолдайды және 6,7-сынып оқушыларына кәріс тілін меңгеріп алулары үшін оқу бағдарламасына енгізді. Оқушылардың тілдерді жетілдіруі және тілдік мәдениетті қалыптастырулары мектептің өткізетін түрлі конкурстарына, олимпиадаларына және жазғы мектеп бағдарламалары мен лагерлерге қатысулары арқылы жүзеге асырылады. 2014 жылдың тамыз айында 8-11 сынып оқушылары оңтүстік Кореяға барды және олар Янгпенг ауылында ағылшын тілі курсынан өтті.

КОМАНДАЛЫҚ ОҚЫТУ «TEAM TEACHING»

Бүгінгі таңда мектебімізде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Ямайка, Кениядан келген жоғары біліктілігі бар, өз ісіне білікті, ұзақ жыл еңбек өтілі бар жас мамандар мен шетел пәнінің мұғалімдері қызмет атқарады.
Командалық оқыту «Team teaching» – бұл екі мұғалімнің өзара қызметтестігі, олар ортақ мақсатқа жету үшін, яғни оқушылардың білімдерін жетілдіруге ұмтылады. Оқушылар үшін мұғалімдер білім беретін ортаны жасайды және өзінің білім беру тәжірибесін жетілдіріп отырады.
Мұғалімдер бірлесе отырып сабақты жоспарлайды және сабақты немесе сабақ серияларын өткізеді, оқу ресурстармен өзара бөлісіп, оқушылардың жетістіктерін бірлесе бағалайды, сонымен қатар, бағалаудың қорытындысын негізге ала отырып, білім беру әдістерін үнемі дамытып отырады.
8-12 сыныптарда және бастауыш мектепте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, ағылшын тілі, экономика, жаһандық перспективалар сияқты сабақтарды командалық оқыту арқылы халықаралық мұғалімдермен өзара тәжірибе алмасады.



Action Research – "Іс-әрекеттегі зерттеу" жобасы.



«Іс-әрекеттегі зерттеу» жобасы Кембридж университетінің өкілдерімен бірлесе отырып дайындалды. Бұл жоба 2012 жылдың қараша айынан бастап жүзеге аса бастады. Бүгінгі таңда Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында кеңінен тарала бастады.
Мұғалімдердің кәсіби дамуының негізгі құралы іспетті, аталған жобаның мақсаты Action Research арқылы зерттеу мәдениетін дамыту және енгізу.
Мектеп базасында білім беруді зерттеу дегеніміз – бұл үрдіс, мұнда практик-мұғалімдер сабақ беру, оқыту, оқушыларды бағалау, тәрбиелеу сияқты білім берудің мәселелерін талдайды және оларды шешуге әрекеттер жасайды. Зерттеудің бұл түрі білім беру үрдісінің бір бөлігі ғана емес, оны әрдайым қолдау үшін қажет. Олай болса, өзін-өзі рефлексиялау үрдісіне қатысу - дербес практикалық қызметті түсінуге және дамытуға бағытталған мұғалімнің өз міндеті. Зерттеудің бұл түрі білім беру үрдісі ретінде ғана емес, оны қолдау үшін қажет.
Action Research –мектеп Миссиясына, стратегиялық жоспарлауға, қызметтің басымдықтарына, білім беру саясатына және басқа да көптеген себептерге байланысты өзгерістердің пайда болу нәтижесінде мұғалімнің өзіне, оның кәсіби және көшбасшылық қасиеттерінің өзгеруіне бағытталған үрдіс болып табылады.

МЕКТЕПТІҢ СЫНЫПТАН ТЫС ӨМІРІ



Мектебіміздің оқушылары «Қамқор» және «Жақсылық жасауға ұмтыл» сияқты әлеуметтік жобаларға және қоғамға қызмет етуге бағытталған іс-шараларға белсенді араласады. Балалар аптасына екі рет «Айналайын» балалар үйіне және облыстық оңалту орталығына барып, тәрбиеленушілеріне қазақ, ағылшын тілдерін үйренулеріне көмектеседі.
Әлеуметтік жобалар мен тәжірибелер арқылы оқушылар рухани адамгершілік құндылықтардың мәнін түсінеді және ұлттық құндылықтарды бойына жинақтайды.


Оқушыларға арналған мектепшілік клубтар:
«Wikipedia клубы», «TED-x NIS клубы», «Мен – жас тілшімін!», «Жас режиссерлер», «Жас талап», «Көңілді тапқырлар клубы», «Дебат», «Қолөнер», «Театр өнері», «Шырақ», «Вокалдық және хор студиясы», «Би студиясы», «Гитара», «Домбыра», «Арт дизайн».


Желілік және мектепшілік жобалар, элеуметтік іс-тәжірибелер:
«Туған елге тағзым» атты өлкетану-зерттеу экспедициясы, «Тарихы терең заманның жерұйығы - Жетісу», «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап», «Қазақ әндері», «Reading times», «5 а day», «Ата-аналардың кәсіпорнындағы 10 күн», «Ауылдағы екі апта», «Ата-ана жұмысымен танысу».


Спорттық секциялар: «Үстел теннисі», «Футбол», «Волейбол», «Баскетбол», «Тоғыз құмалақ», «Шахмат», «Туризм», «Үлкен теннис», «Джиу-джитсу».




АТА-АНАЛАРМЕН ЖҰМЫС


«Үлгілі отбасы курсы» 2013-2014 оқу жылында мектеп бағдарламасына енгізілді. Бұл курс - Назарбаев Зияткерлік мектебінің миссиясын ұстана отырып қоғамға, қаламызға және мектебіміздің игілігіне қызмет ететін патриот ата-аналарды қалыптастыратын, олардың көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған бағдарлама.
«Үлгілі отбасы курсы» аясында мектеп қабырғасында ата-аналарға арналған бірнеше клубтар іске қосылды. Олар:


• «Денсаулық клубы»;
• «Ағылшын тілінің клубы»;
• «Тілдік ортаға ену клубы»;
• «Спорт клубы»;
• «Dance club»;
• "Кітап әлемінде" атты отбасымен бірге оқуға арналған клуб.