Талдықорған Мектеп порталы
kk-KZru-RUen-US
Оқудың тйімділігі
Кітап оқудан жалықпау

Көп адамда бір күнде есепсіз әріптер саны ажыралмай жұтыла береді екен. Қызық мақалалар, жұмысқа қатысты кәсіби әдебиет, қажетсіз флуд, өзін дамытуға арналған мәтіндер. Бірақ, соларды оқудан ешкім “ләззат” алмайтын сияқты. Кітап оқуды мақсат еткен адамдар осы күйге жетпей тұрып, неше түрлі әдебиетті талғамай жұта берсе керек. Дегенмен, ол саналы әрі ойлы, “ләззат сыйлайтын” оқу еді. Ал қазір кітап оқуға уақыт табу үшін тәуліктегі жиырма төрт сағаттың өзі аздық ететіндей. Бірнеше артық сағат қосылса, барлық көздеген кітабын оқып тастайтындай елестетеді. Бұл оқу жылдамдығы мен сапасын арттыруға арналған мақала емес. Керісінше, оқудың сиқырлы магиясын жоғалтып алмауды көздейді.



Бәрі бірнәрсеге тіреледі. Әркім кітап оқудан ләззат алуы тиіс. Кітап – өмірлік ұстаз және әркімнің өмірін өзгерте алады. Ешкім кітап оқудың гиганты емес, бірақ әрбір адам кітапты ұқыпты әрі бар ынтасымен оқуы тиіс. Көп адамдар кітапты көп оқығысы келетінін, бірақ қалай бастау керек екеніндігін білмейтінін айтады. Лео Бабута осының сырына үңіліп көрген екен.
Осыны оқыса, көмектесетін шығар.

1. Кітапты міндет болғандықтан емес, ләззат алғандықтан оқы.
Кітапты таныстарыңның бәрі оқығаны үшін оқуға тырысудың қажеті жоқ. Достарыңның арасындағы әңгімеден шеттеп қалмауға әрекеттеніп, өзіңді қинап, әріптен әріпті ажыратпай, мағынасыз жұта берудің зиян екенін ұмытпа. Өзіңе қызық кітаптарды тауып ал да өзің барғың келетін әлем туралы оқуға тырыс. Егер кітап бұл талаптарыңа жауап бермесе, әуре болма.



2. Оқуға уақыт табуға тырыс.
Кітап оқуға уақыт табу көбіне қиын. Жұмыстан шаршайсың, әр уақытың есептеулі, жақындарыңа көңіл бөлу керек; әлемнен шет қалмау үшін интернетте сағаттап отырасың, теледидар қарауға көп уақыт жұмсайсың, қажетсіз мақалаларды бірінен кейін бірін кезексіз жұта бересің; таусылмайтын сериалдар қарайсың. Кітап оқуға күніне кішкене уақыт бөлуге тырыс. Мейлі ол 10 минут қана болсын, – ең құштарлы 10 минут. Кейін әдетіңе айналғанда, ол уақытты 20-30 минутқа көбейтуіңе болады. Агентте, скайпта достарыңмен қажетсіз әңгіме соққаннан, осы әлдеқайда пайдалырақ. Ақырында, кітапты қолға алып әжетханаға кіріп кетсең де ешкім саған кедергі келтірмейді.

3. Оқығанда, ештеңеге көңіл аударма.
Кедергі болатын барлық нәрседен алысырақ жайғас. Тыныш әрі бейбір орын тауып ал. Өзің таңдаған кітабыңмен бетпе-бет қал – сен және кітабың. Егер қолың бір нәрсе жасауға талпынып отырса, бір пиала шәй ішумен алдарқат. Барлық электронды құрылғылардан аулақ отыр. Еліктіретін факторлардың сенен барынша алыста болғаны дұрыс. Бәрінің де алдында планшет, ноутбук қосулы жатса, поштасын тексеруге еліріп тұратыны бар. Сондықтан, кітаптың е-нұсқасынан гөрі, қағазды нұсқасын таңдағаның абзал. Өзіңе ыңғайлы бұрышта оқып, ешкім және ешнәрсе кедергі келтірмеуі үшін.



4. Оқуды ештеңеге қарамай ұнат.
Сен өзіңді дамыту үшін, не өзгелердің көзінің алдында ақылдырақ көріну үшін оқып отырған жоқсың. Сен оқудан ләззат алғандықтан, оқып отырсың. Кітап оқудың магиялық күші бар және ол сенің өміріңде көп нәрсені өзгерте алады. Жыл сайын қайта-қайта оқып, әрбір әрібін жаттап алған кітабыңнан әр оқыған сайын бәрібір жаңа ой таба аласың. Кітап оқу сені өзгертеді, жаңа ойларға жеткізеді, кездейсоқ әрекеттерге итермелейді. Кітап оқуды ештеңеге қарамай ұнатсаң, әйтеуір бір оқиғаның боларына сен.

5. Оқуды әлеуметтендіруге тырыс.
Өзіңнің кітап оқуға қызығатын достарыңды тап, басын қос. Онлайн достар тапсаң да болады. Олардың бәрі ой бөлісіп, оқыған кітаптарың туралы сөйлесуге әрқашан дайын. Өзіңнің кітапсүйерлер клубыңды ұйымдастыр. Кітапқа қызығушылық тек қана жеке емес, әлеуметтік болуы мүмкін екенін ұмытпа.

6. Оқуды әдетке айналдыр.
Күнделікті кірбің тірлікте кітап оқуға арнайы уақыт бөл және сол уақытты әдетке айналдыр. Ол күніне 5-10 минут та болуы мүмкін. Күнделікті бөлінген уақытың әдетке айналған сайын, оқудан ләззат ала бастайсың. Өзіңді кітап оқуға итермелейтін нәрселердің тізімін де жасап алғаның дұрыс. Сол тізімнен, күнделікті әдетіңнен ауытқымауға тырыс.



7. Атүсті, шала оқыма.
Оқуды өзіңнің күнде жасайтын міндетті жұмысыңа айналдырма. Оған тезірек аяқтайтын тапсырмалар тізіміндегі кезекті шаруа деп қарама. Ұмытпа, ол өзіңді дамыту жоспарындағы орындалуы тиіс пункт емес. Оқыған кітаптар тізіміңді көбейту үшін де әуре болма. Кітап оқу сенің өміріңді қызықтырақ ету жоспары бойынша жасалуы тиіс.

8. Егер кітап жалықтырса, лақтырып таста.



Кітап оқу міндет болғандықтан емес, ол процестен ләззат алғандықтан оқы. Егер кітап қызық болмаса, лақтырып таста. Кітаптың алғашқы тарауында жалыға бастасаң, ойланбастан келесі кітапқа көш. Мүмкін бұл кітап сен үшін емес шығар. Мүмкін қазір бұл кітаптың уақыты емес шығар. Есіңде сақта, кітап оқудан ләззат алуың керек.

9. Өзіңе қызық кітаптарды ашуға тырыс.
Оқылған кітап туралы өзге кітапсүйер достарыңмен ой бөліс. Кітапқа жазылған рецензиялар мен шолуларды оқы. Кейде болса да кітап дүкендері мен букинистік дүкендерді аралап шығуды ұмытпа. Дәл сол жерлерде өзіңе қызық кітаптарды тауып ала аласың. Кітапхана – тыныштық пен кітап оқудың магиялық күшін сездіретін нағыз кітап храмы. Ол жердегі кітап парақтарының ашылған даусы мен иісінің өзі жалықтырмайды.

10. Оқу жылдамдығын ойлап, әуре болма.
Кітапты жылдам оқу біреулерге қызығырақ көрінуі мүмкін. Бірақ, асықпай оқу да жақсы. Оқылған кітаптардың саны мен ол кітаптарды оқуға кеткен уақыттың ешқандай пайдасы жоқ. Кітап оқу жарыс емес. Кітап оқудан ләззат алғалы отырсың, ендеше асықпа. Бұл тамақ жеу не қыздың көңілін табу сияқты асықпай жасалатын процесс. Процестің өзінен ләззат алу керек. Асықпай, әр сөйлемнің ләззатын толығымен сезіп, түсініп оқы.



Кітап оқудың пайдасы

Кітап – рухани сарқылмас қазына. Кітап деген де, әр адамның түсінігі әр түрлі. Мәселен біреулер ермек үшін оқыса, біреулер адам өміріңдегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы деп түсінеді. Білімнің қайнар бұлағы- кітап деп бекер айтпаған.Сондықтан да мұны адамзаттың баға жетпес құндылығы деп білеміз. Кітап оқымай өмірді білу,білім алу мүмкін емес шығар.Қазіргі уақытта бүлдіршіндерге, студенттерге, жасөспірімдерге кітап оқуға толық мүмкіншілігі бар.
Яғни электронды кітапхананы айта аламыз. Қазіргі жағдайда керек ақпарат табу үшін, аудио, видео,ғаламтор секілді жеңіл жолдар табылып тұрғанда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Кітап оқу –миға жасалған жаттығу. Мысалы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз білімін өз бетімен ізденуінің кітапты көп оқуының арқасында бірнеше тілді меңгерді. Ал М.Горький болса мен өз бойымдағы барлық жақсылығым үшін кітапқа борыштармын деген. Ломоносов та жас шағында оқуға шамасы келмей, әбден есейген кезде оқыған. Сол секілді кітап оқудың еш, кеші жоқ .Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат – міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда талап талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы-кітап.
Ал адамның ойын байытып, сауатын жоғарылатып, білім нәрімен сусындатар орта – кітапхана. Әдебиет арқылы әлемдегі мемлекеттер бір-бірімен рухани байланыс жасауда. Бірақ бүгінгі компьютендірілген, қарқынды дамыған техника заманы өз қызығын ұсынуда. Өркениетті елдерде кітап оқуға деген ынта-ықыласты арттырудың түрлі амалдары жасалуда. Ал бізде 100 кітап оқу шарасы басталды. Жақсы бастама. Алдымен бес, он кітап оқыған адамға құмарлығын арттыра беретіні анық. Ең бастысы, одан әсер алу, тағлым түю. Жақсы кітаптың жанға рухани азық болар қасиетін сезіну. Қорыта келгенде айтарым, кітапты оқығанда бар ынтанызбен, ықыласпен, мұқият әрі баяу оқыңыз, бірақ әр абзацтың дәмін татыңыз. Кітаптан болашақта алар азығыңыз көп болар.



Кітап оқуға құмарлық

Көзі ашық көкірегі ояу адам– кітапты көп оқыған, ғылымға бір табан жақын, белгілі бір салада жетістігі бар, дүниетанымы кең тұлға. Мұндай жандар ана тілінің кәусарымен сусындап, ақыл-парасатымен өзгелерден ерекшеленеді. Өмірдің сан соқпағына төтеп беріп, басқа түскен қиындықтың шешімін жылдам табады. Олармен әңгіме дүкен құрудың өзі – бір бақыт. Өйткені жан сарайыңды ажарландырып, тек адамзаттың кейбірі ғана білетін әлемге енуге мүмкіндік береді.
Біз өмір сүріп отырған заманда ақпаратты күн сәулесімен пара-пар жылдамдықпен жеткізетін құралдар өте көп. Соңғы жаңалықтар туралы көлікте отырғанда радиодан, шәй ішіп отырып көгілдір экраннан, қоғамдық орында газеттен, журналдан немесе интернеттен құлақдар боламыз. Бірақ осылар бір арнаға тоғысып, түмен болып біріксе де, кітапты ешуақытта алмастыра алмайды. Ең мықты деген фильмнің өзі бізді режиссер болу құқығынан айырады. Ал кітаптың жайы бөлек. Авторлықтан өзге құқықтарға иеленіп, кейіпкерлердің бейнесін қалағанымызша түрлендіре аламыз.
Жаңа бір нәрсе білу үшін ғана кітап оқу - үлкен қателік. Көркем әдебиет қиялымызды қанаттандырып, мына жалғаннан жақсылық пен мейірімділікті көруге үйретеді.
Көңілімізде бөгде ой жоқ, кіршіксіз, пәк кезімізде оқылған кітап жүрегімізге таза дүние қондырады.
Біз секілді жастардың балалық шағы еліміз есеңгіреп, енді ғана есін жиып жатқан шақпен тұспа-тұс келеді. Өйткені ол кезде тек әл-ауқатымыз емес, жүрегімізде үрей, санамызда күдік, болашағым қандай болмақ деген ойдың жетегінде жүрген кез еді. Әрине, кітапқа деген махаббатымды оята алмадың деп ата-анамызды айыптай алмаймыз. Олар бар болғаны біз үшін маңдай терін төгіп, қара жұмыстың адал орындаушысы болып, тіршіліктің қамын ойлауға мәжбүр болды.
Кітап оқудың пайдасы зор екендігін айтып жатқан кезде адамдар нені меңзейді? Бос уақытты өткізу, демалу, миды сергітуден өзге кітапты қандай мақсатпен оқимыз?
Сапасы алтыннан артық мөлдір туындылардың пайдасын бірден аңғаруға болады. Жақсы кітап дүниетанымызды кеңейтіп, есте сақтау қабілетімізді жақсартады. Сөздің парқын түсініп, қай кезде қалай сөйлеу керектігін де үйретеді.
Көп адам табысты болуды армандайды. Биік шыңдарды бағындыруды алдына мақсат етіп қояды. Алайда, осы табысқа қол жеткізу үшін ең алдымен болашақты болжап, дұрыс жоспар құра білу керек. Ал дұрыс жоспар құрып үйрену үшін ойдың құнарлылығын арттыра түскен абзал. Біз айтып отырған құнарлану құбылысы кітапты көп оқыған кезде ғана жүзеге асады. Мұны әркім өз тәжірибесінде тексеріп көре алады. Ол үшін бір ғана классикалық шығарманы оқу жеткілікті. Нәтижесінде екі сөздің басын құрай алмай, диалект сөзді көп айтатын жандар паразит сөздерден де арылып, сөз қолданыстарын орнымен жұмсайды.
Туындыны оқып отырып автордың айтпақ ойын ұғынуға тырысамыз.
Ол логикалық ойлауды жетілдіреді. Сенбейсіз бе? Олай болса, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс хикаялары» атты туындысын байқап көруіңізге болады.
Кітапты көп оқыған соң кез келген ситуацияда жылдамдық танытасыз, бас кейіпкердің орнында болсам қайтер едім сынды ой келеді. Немесе басыңыздағы оқиға кітап кейіпкерінікімен пара-пар келуі мүмкін. Байқағыштық қасиетіңіз артып, айналаға сын көзбен қарайсыз. Автор сипаттаған кейіпкерге қарап, жақын таныстарыңызды көргендей боласыз. Осылайша психологияның қыр-сырын меңгере бастайсыз.
Көңілсіз жандар үшін пайдасы бар екені рас па? Қайғы мен мұңның ойып салған жарасын толтыру қиын. Десе де бұл комедия жанрында жазатын авторлардың қолынан келеді. Қазақ әдебиетінде комедияның атасы – Бейімбет Майлин. Ауылды, сонау тарихи кезеңді дәл бейнелеген шығармаларын оқып отырып, еріксіз жымиямыз. Арасында сатира да бар. Бұдан өзге әлем әдебиетінен О Генридің шығармаларын оқуыңызға болады.
Кітап біздің рухани дамуымызға әсер етеді. Жақсы кітап жан дүниеңізді арайландырып, жүректің таза болуын құдды анаңыздай бақылайды.
Мұнымен қатар, ғалымдардың зерттеулерінен мысал келтіруге болады. Олар кітап оқу арқылы бала көңіліміздің мәңгі жас болып, миымыздың тың қалпын сақтауға көмектесетіндігін айтады. «Кәрі адамдарға кітап оқудың бірнеше пайдасы бар. Сөздер ойлау формысына өткен сайын когнитивтік қызметтің жақсаруына әкеледі. Екіншіден, бойды жинақы етеді. Оны мидың тың қалпын сақтауға көмектесетін құрал ретінде пайдалануға болады», - дейді қартаң адамдармен жұмыс істеу орталығының қызметкері Урсула Ленз.
Кітап – адамның досы. Енді осы досымыздың келбетіне оралайық. Қай кітап пайдалы? Қайсысының пайдасы жоқ?
«Білім алу арқылы кітап оқуды үйренеміз, алайда қай кітаптың жақсы екенін бірден таңдай алмаймыз», - дейді Д. Травельян.
Сонда пайдалы оқу деп нені айтамыз? Жақсы кітап деген не? Біріншіден, кітап алғашқы беттерін парақтаған кезде-ақ өзіне еліктіре түсуі керек. Біздің эмоциямызды өзге адамдарға жария етіп, махаббатты сезінуге, күлуге, жылауға мәжбүрлейтін кітаптар туралы айтылып жатыр. Екіншіден, кітап өте көркем тілмен жазылуы тиіс. Үшіншіден, ол оқырманға ой салғаны абзал. Кітаптың стилі де оқырманға әсер етеді.
Саржағал баспасөз бен арзан детективтердің пайдасы аз. Мұнымен қатар, үнемі бір ғана жанрды таңдап оқудың қажеті жоқ. Мысалы, фэнтези жанрындағы кітаптарды көп оқитын қыздар сол әлемге еніп, есейген шақта да өзін баладай сезінуі мүмкін.
Оқып отырып оларды міндетті түрде салыстырасыз. Бірнеше шығармада ұқсастық бар екенін байқайсыз. Ол ұқсастықтың астарында ақиқат жатқанын да көресіз. Мысалы, Анна Каренина мен «Шырағың сөнбесіндегі» Нәзираның болмыстарында, іс-әрекеттерінде бір ұқсастықты байқауға болады. Екеуі бір-бірінен мүлде бөлек кейіпкер болса да, әйел адамның әрдайым ыстық махаббатты, өзіне деген үздіксіз қамқорлықты аңсайтындығын көрсеткендей болады.
Келесі назар аударатынымыз – тарихи романдар. Онда қастандық, махаббат, сот ісі, ұлы адамдардың өмірбаяны баяндалады. Кейде бір кейіпкердің көп шығармаларда әртүрлі қырынан бейнеленетіндігін байқауға болады.
Әдебиетте поэзияның да ойып алған орны бар. Қысқа ғана көлемге қуанышты да, қайғыны да, махаббат пен азапты да, трагедия мен комедияны сыйдыра білу қасиеті бар. Бұлар тек эстетикалық талғамды қалыптастырып қана қоймай, сөздік қорымызды молайтады. Оқып отырған кезде еркіңізден тыс автордың эмоциясын қабылдауға мәжбүр боласыз.
Жаңа заман әдебиетінің барлығы мақтан сөзге лайық болмаса да, арасында мойындауға тұрарлықтары бар.
Ал бір саланың маманы болғыңыз келсе, арнайы әдебиеттерді таңдаңыз. Яғни қандай кітапты оқу керектігі өзіңіздің жылжып келе жатқан бағытыңызға байланысты.