Талдықорған Мектеп порталы
kk-KZru-RUen-US
Жаналықтар
Пилоттық мектептердің кітапханашыларына арнап өткізілген «Бастауыш мектеп оқушыларының оқырмандық сауаттылығын қалыптастырудағы және дамытудағы мектеп кітапханасының рөлі» атты семинар

2015 жылдың 4 қараша күні Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханасында пилоттық мектептердің кітапханашыларына арналған «Бастауыш мектеп оқушыларының оқырмандық сауаттылығын қалыптастырудағы және дамытудағы мектеп кітапханасының рөлі» атты семинар өткізілді. Пилоттық мектептер- Жаркент қаласындағы Хамраев атындағы ұйғыр мектебінің кітапханашысы және Талдықорған қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының кітапханашылары қатысты.



Алдымен пилоттық мектептің кітапханашыларын қарсы алып, оларға өзіміздің кітапхана қорымызбен таныстырып, кітапханаға шолу жасадық.
Шолу жасаудан кейін «Бастауыш мектеп оқушыларының оқырмандық сауаттылығын қалыптастырудағы және дамытудағы мектеп кітапханасының рөлі» деген тақырыпқа сай дәріс оқып, шетелдік әріптестерімізден алған іс-тәжірибелерімізбен бөлістік.



Семинар барысында төмендегідей мәселелер қарастырылды, кітап оқытуды дамытудағы кітапханашының рөлі, кітап оқуды дамыту үшін не істеу керек, кітап оқуды дамытудың басты факторлары, кітап оқудағы кедергілер, кітап оқудағы мәселелерді шешу жолдары, кітап оқуды дамытудағы іс-шаралар, кітап оқытудың ойын түріндегі әдістері қарастырылды.



Семинарда зияткер мектеп кітапханашылары оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын ояту және дамыту үшін өзіміздің күнделікті іс-тәжірибелерімізде қолданып келе жатқан әдіс-тәсілдерімізді көрсетіп, ойындар ойнадық. Семинарға қатысушылардың арасында сайыстар жүргізіп, ең соңында сыйлықтар тараттық.
«Reading Times» уақытында мектептегі президент бұрышында мектеп кітапханшылары өздері таңдаған кітаптарын оқыды.
Кейін оқырмандармен жұмыс жасау, абонементтік жүйемен жұмыс жасау, мектеп порталымен жұмыс жасаумен таныстырдық.
«Кітап әлемінде» атты отбасылық кітап оқу клубы ертегіден үзінді көрсетті.



Ата-ана мен бала арасындағы рухани қарым-қатынасты кітап оқу арқылы дамытудың көрнекі мысалын көрсетті.



Оқушылар «Газеттерді резюмелеу» әдісін, «1,2,3» әдісін, «Кітапты тап» жобасынан көрініс көрсетті.
Пилоттық мектеп кітапханашылары осы көрсетілген әдіс-тәсілдерді өздерінің күнделікті іс-тәжірибесінде қолданатындарын айтты.
Семинарды қорытындылай келе, пилоттық мектеп кітапханашыларымен кері байланыс жүргізілді.



Семинардың соңында «Балаларға кітап сыйлайық» атты қайырымдылық акциясының аясында жиналған кітаптарды сыйға тараттық.